Шығыс Қазақстанда 12 вагон рельстен шығып кетті

28.06.2019 15:11

Қаза тапқандар мен жарақат алғандар жоқ, алайда 6 пойыз кестеден кешіккен

Ақтоғай – Аягөз учаскесінде он екі вагон рельстен шығып кетті, деп хабарлады «ҚТЖ-Жүк тасымалы» акционерлік қоғамының баспасөз қызметі.

Оқиға 27 маусым күні сағат 16.20-да болған.

Қаза тапқандар мен жарақат алғандар жоқ, деп атап өтті компания.

Аягөз және Ақтоғай станцияларында қалпына келтіру пойыздары  оқиғаның зардаптарын жоюды дереу қолға алған.

Шығыс Қазақстан облысындағы теміржол апаты салдарынан  жолаушыларға арналған алты пойыз: № 301 Новосибирск – Алматы, № 351 Өскемен – Алматы, №311 Семей – Нұр-Сұлтан, №459 Өскемен  Достық, №32 Алматы – Павлодар, №22 Қызылорда – Семей пойыздары уақытынан кешікті.

Арнайы комиссия құрылып, оқиғаның себебі анықталып жатыр.