«30 адамды тақырға отырғызған»: Алматыда алаяқтық жасады деген күдікпен қызылорда тұрғыны ұсталды

24.04.2019 22:25

Полиция оның көлік сатуға байланысты кемі 30 алаяқтық эпизодқа қатысы бар дейді


Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек қалада бірнеше адамды арзан көлік алып берем деп алдап кеткен күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді деп хабарлайды Almaty.kz тілшісі.

Қызылорла облысының тумасы адамдарға банкте кепілдікте тұрған көліктерді екі есе арзан бағаға алып берем деп уәде берген. Алайда, қаражатты есеп-шотына аудартып алғаннан кейін ізім-ғайым жоқ болып кеткен. Қазір күдіктінің атына 20 адам арызданған. Алайда, полицейлер жәбірленушілердің саны одан да көп болуы мүмкін дейді.

«Қазірдің өзінде Қызылорда облысынан бірнеше адам көлік алып берем деп жоқ болып кеткен әйелге шағымданып хабарласып отыр. Ертең немесе бүрсігүні олар Алматы қаласына өз аяқтарымен келіп арыз түсіреді», – дейді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Қазіргі таңда полиция қызметкерлері барша жұрттан егерде осы адамды таныса, міндетті түрде 254 48 00, 254 48 01 және 254 48 02 телефондары арқылы Медеу аудандық ішкі істер басқармасына хабарласуларын сұрайды.