Пойызда кен және көмір тиелген
Шығыс Қазақстан облысындағы «Бұқтырма-Заводинка» теміржолында жүк пойызының вагондары рельстен шығып кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Оқиға 26 қазанда таңертең болған. «Бұқтырма-Заводинка» теміржолының учаскесінде келе жатқан жүк пойызының 12 вагоны рельстен шығып кетті. Бірақ аударылмады.
«Абырой болғанда, зардап шеккен ешкім жоқ. Пойызда кен және көмір тиелген. Қазіргі уақытта әкімдік жағдайды бақылауға алып, шұғыл әрекет ету қызметтері дереу сол жерге жұмылдырылды», - деп хабарлады ШҚО әкімдігінен.
Шығыс Қазақстан облысының Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, бүгінде кесте бойынша бұл бағытта жүретін жолаушылар пойызы жоқ.