Астанада толығымен өртеніп кеткен «Хайвилл Қазақстан» ғимаратында 2012 жылдан бері өрт қауіпсіздігі тексерілмеген. Бұл туралы қалалық Төтенше жағдай департаментінің мамандары мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өрт кеше кешкі сағат тоғызда тұтанған. Тілсіз жау шарпыған аумақ 1500 шаршы метрді құрады. Оны ауыздықтауға барлығы 25 бірлік техника және 95 маман жұмылдырылған. Абырой болғанда, қызыл жалыннан қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
«Ғимараттың тұрғын үй жайлары, макеттері, барлығы ОСБ-панельден және пенопласттан, сыртқы қаптамасы алюкобонт панелінен жасалғандықтан, өрт тез тұтанған. Өрт сөндіру бөлімшелерінің дұрыс таңдалған шешімі мен үйлесімділігінің арқасында, өрт сағат 22:45 минутта ауыздықталды. Және 1 сағат 42 минутта толық сөндірілді», – деді Астана қаласы ТЖД басшысының орынбасары Мейрамбек ҚАЙСАНОВ.
Қазіргі таңда тілсіз жау орын алған ғимаратта өрт-сынақ зертханасы жұмыс істеп жатыр. Олар қызыл жалынның шығу себептерін анықтайды. Ал нысанның өрт қауіпсіздігі соңғы рет 2012 жылы тексеріліпті. Төтенше жағдай департаменті мамандарының айтуынша, аталған кеңсе көпшілік баратын ғимараттар санатына жатқызылмайды. Сондықтан оны тексеру үшін прокуратураның шешімі қажет екен. Айта кетейік, ғимарат 2005 жылы қолданысқа берілген.
«2012 жылы тексерілген. Ол кезде үш жылда бір рет тексерілетін болған. Содан кейін мораторий болды. Сонда біраз критерийлер өзгеріп, Кәсіпкерлік кодекс қабылданғаннан кейін, кейбір нысандар жоғары қауіпті объектілерге жатпайтын болды», – деп атап өтті Мейрамбек ҚАЙСАНОВ.
Атап өту керек, биылғы жылы елордада 102 өрт тіркеліпті. Салдарынан жеті адам мерт болып, алтауы жарақат алған. Төтенше жағдайларға негізінен, отты абайсыз пайдалану, электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзу, пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау себеп болған.