Қазақстандықтар жол-көлік оқиғасын полициясыз тіркей алады

08.01.2024 15:21

Бұл үшін мемлекет «Еурохаттама» арнайы мобильді қосымшасын әзірледі

Almaty TV

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтар ұсақ жол-көлік оқиғасы кезінде полицияның және соттың қатысуынсыз жеңілдетілген тәртіпте сақтандыруды ресімдей алады. Бұл үшін мемлекет «Еурохаттама» арнайы мобильді қосымшасын әзірледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қосымшаның көмегімен жүргізушілер өздері жол-көлік оқиғалары фактісін тіркеп, сақтандыру компанияларына материалдық залалды өтеуге өтінім береді.

«Еурохаттама» арқылы жол-көлік оқиғаларын ресімдеудің міндетті үш шарты бар:

1) Жол-көлік оқиғасына екі көлік құралы ғана қатысқан кезде;

2) Жүргізушілердің қолданыстағы сақтандыруы болуы қажет. Сондай-ақ кім кінәлі, ал кім зардап шегуші екенінде келіспеушіліктер болмаған кезде;

3) Апат салдарынан денсаулыққа залал келтірілмесе, ал көлікке келтірілген шығын сомасы 100 айлық есептік көрсеткіштен аспаса, ол 369 мың теңге.

Осындай тәртіпте жол-көлік оқиғасын ресімдеу үшін мобильді телефонға «Еурохаттама» қосымшасын қосып алып, тіркелу рәсімін жүргізіп, оқиғаның фото және бейнематериалдарын салу керек. Қосымшаны тиімді пайдалану мақсатында жол-көлік оқиғасының қатысушылары жақын жердегі полиция нарядына жүгіне алады, олар оны пайдалану кезінде көмек көрсетеді.

«Еурохаттаманың» артықшылығы неде?

Біріншіден. Азаматтар ұсақ жол-көлік оқиғаларын ресімдеу үшін полицияны күтпейді, осылайша жолдардағы кептеліс жағдайлары төмендейді.

Екіншіден. Жеңілдетілген тәртіппен тіркелген жол-көлік оқиғасы кезінде жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.

Үшіншіден. Сақтандыру төлемдерінің мерзімі қысқарады. Егер бұрын осының бәрі 30-дан 90 күнге дейін уақытты алса, қазір хаттама тіркеу сәтінен бастап төлемді алуға шамамен бес күн кетеді.

«Жүргізушілерді жол жүрісі қағидаларын сақтауға және жол-көлік оқиғаларын болдырмауға шақырамыз», – деді ҚР ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Қуаныш Тілекбаев.