Ақтөбеде жүк көлігі 10 жастағы қызды қағып кетті

26.05.2023 15:26

Оқиға 25 мамырда Кирпичный аулында болған

ашық дереккөзден

Ақтөбеде жүк көлігі жаяу жүргіншілер өткелінде 10 жастағы қызды қағып кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq Ruhy агенттігіне сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, оқиға 25 мамырда Кирпичный аулында болған.

«КамАЗ» автокөлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан 10 жастағы қызды қағып кетті. Жол-көлік оқиғасы салдарынан кәмелетке толмаған қыз Ақтөбе қаласының Ана мен баланы қорғау орталығына жатқызылды», - делінген хабарламада.

Полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларды барлық ережені қатаң сақтауға шақырады. Бұл жаяу жүргіншілерге, электр скутерлеріне, мотоциклдерге және велосипедтерге қатысты.

«Сақтық шаралары әсіресе жазғы демалыс қарсаңында манызды. Жол қателіктерді кешірмейді», - деп атап өтті ПД өкілдері.

Айта кетерлігі, жыл басынан бері облыс аумағында 35 жол-көлік оқиғасы тіркелді, соның салдарынан 5 адам қаза тауып, 42 адам жарақат алды.