Оған «айтарлықтай көп мөлшерде пара алды» деген айып тағылып отыр
Алматы қалалық №12 ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Тұрдалин 200 мың теңге көлемінде жүйелі түрде пара алып келген деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
13 наурызда екі айға қамалған бас дәрігер жеке кәсіпкерден осынша көлемде қаржыны аурухана ішінде өз кәсібімен емін-еркін айналысуы үшін талап еткен. Тұрдалиннің өзге де экономикалық қылмысы жайлы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілдері айтты.
«Ұлттық бюроның Алматы қаласы бойынша департаментінің өкілдері қалалық №12 аурухананың бас дәрігерінің пара алғанын анықтады. Ол жеке кәсіпкерден аурухана ғимараты маңында кәсіпкерлікпен айналысуына кедергі келтірмеуі үшін 200 мың теңге көлемінде жүйелі түрде пара алған. Сондай-ақ, бас дәрігер ЖШС өкілінен 340 мың теңге мен 1 950 доллар көлемінде пара алды деген күдікке ілінген. Тергеу жалғасып жатыр», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна БАСТАРОВА.
Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев жайлы да айтылды. Ол 16 наурызда жемқорлыққа барды деген күдікпен қолға түскен. Комитет басшысы әрі «Қазақ күресі» дүниежүзілік федерация президенті Әбішев орынбасарымен өзара сөз байласып, ондаған миллион теңгені қалтасына басқан деген күдік бар.
«Олар мердігерлік ұйым өкілінен су құбырын қайта жаңарту және ауылдық елдімекендерге тарату желілерін салу үшін 60 миллион теңге бопсалап, пара алды деген күдікке ілінген. 16 наурызда сот күдіктілерге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын тағайындады. Тергеу жалғасады», – деді Жанна БАСТАРОВА.