Шетел азаматтарының заңсыз көші-қонын ұйымдастырған қылмыстық топ сотталды

23.01.2019 15:28

Өзбекстан мен Тәжікстан азаматтарының заңсыз көші-қонын ұйымдастырған қылмыстық топ мүшелері сотталды. Мұндай дерек ҚР Бас көлік прокуратурасының 2018 жылғы жұмыс қорытындысына арналған алқа отырысында жария етілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елімізге АҚШ-тан зергерлік бұйымдар мен сирек кездесетін заттарды контрабандалық жолмен әкелу бойынша ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Өзбекстан мен Тәжікстан азаматтарының заңсыз көші-қонын ұйымдастыруымен айналысқан, құрамында 32 адамы, оның ішінде ҰҚК Шекара қызметінің 14 әскери қызметшісі және көші-қон полициясының 4 қызметкері бар ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері сотталды», - делінген аталған ведомство таратқан мәліметте.

Сонымен қатар, прокурорлардың алдын алу шараларының нәтижесінде аса ауыр қылмыстар 58, ауыр қылмыстар 2, ауырлығы орташа қылмыстар 9 және ауыр емес қылмыстар 37 пайызға төмендеді. Цифрландыру бағдарламасы аясында электрондық форматта 52 қылмыстық іс тергеліп, оның ішінде 47-сі аяқталды, 5-уі сотқа жолданды.

Соттар 1 302 адамға қатысты 1 105 қылмыстық іс қарады. Бас бостандығынан 84 адам айырылды. Енгізілген апелляциялық өтініштер саны 2017 жылмен салыстырғанда 3 есеге өсті. Оларды қарау нәтижелері бойынша 47 адамға қатысты 33 іс бойынша соттардың қателіктері түзетілді.