Такси жүргізушісі әйелден жол ақысының орнына телефонын тартып алған

14.05.2019 19:49

Ол әйелдің Samsung Galaxy A5 смартфонын тартып алған

NUR.KZ

Семей қаласында такси жүргізушісі жолаушы әйелдің жол ақысын төлеуден бас тартқан соң, телефонын тартып алған, деп хабарлайды YK-news.kz.

Полиция мәліметінше, Семейдің 30 жастағы тұрғыны жетер жеріне бару үшін такси қызметін пайдаланған, алайда қандайда бір себеппен жүргізушімен есептесуді жөн көрмеген. Осы кезде такси жүргізушісі әйелдің Samsung Galaxy A5 смартфонын тартып алған.

«Осы азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу шаралары ҚР Қылмыстық кодексінің 389-бабы 1-бөлігі («Өзiнше билiк ету») бойынша жүргізіліп жатыр», - деді ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілдері.

Осы бапқа сәйкес, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiпке қарамастан, басқа адаммен немесе ұйыммен дауласып жатқан, өзiнiң нақты немесе болжамды құқығын өз бетiнше жүзеге асыру - 80 АЕК-ке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады. Болмаса  80 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе 20 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынады.