Шымкент қаласындағы №1 мектеп-гимназиясында оқушы мұғалімнің сөзінен соң ауруханадан бір-ақ шықты
Шымкент қаласындағы мектептердің бірінде оқыс оқиға болды. №1 мектеп-гимназиясында жұмыс істейтін қазақ тілі пәні мұғалімінің сөзінен соң 6-сынып оқушысының денсаулығы нашарлап кеткен, деп хабарлады elitar.kz.
Жергілікті порталдың мәліметінше, оқиға Instagram желісіндегі club_dobryakov_shymkent парақшасында жарияланған. Онда оқушының анасы халықтан көмек сұрап, жанайқайын жеткізген.
«Мектеп директорының орынбасары әрі мұғалім өз өкілеттігін асыра пайдаланды, оның айғайынан 6-сынып оқушысының жүрек талмасы ұстап қалған. Оқушы ауруханаға жатқызылды. Ал мұғалім тіпті кешірім де сұраған жоқ. Оқушылар арасында жүргізілген анонимді сауалнамада мұғалімнің расымен де балаларға дауыс көтеріп, қорлап отыратыны белгілі болды. Ары қарай не істеуім қажет? Кімге барамын? Көмектесіңіздерші! Ортада менің балам зардап шегіп отыр. Мұндайды тоқтату керек», - дейді зардап шеккен оқушының анасы.
Ауруханаға жедел жәрдеммен жеткізілген оқушының жағдайы жақсарған көрінеді. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы оқушыға алғашқы көмек көрсетілген соң, үйіне жіберілгенін растады. Дәрігерлер оған «Вегетативті жүйке жүйесінің бұзылуы» диагнозын қойған.
№1 мектеп-гимназиясының директоры Гүлназ Әбілдаева да болған жайтқа түсініктеме берді.
«Қазақ тілі пәнінің мұғалімі оқушыдан бар болғаны «үй тапсырмасын неге орындамадың?» деп сұраған. Кейін бала тағы екі сабаққа қатысты. Ол өзін нашар сезініп, медициналық пунктке барған. Біз оның ата-анасына хабар бермек болғанымызда, ол үйіндегілерге өзі хабарласып қойғанын айтқан. Кейіннен бала асханада отырған. Ол аралықта оқушының ата-анасы білім бөліміне «баланың жүрегі тоқтап қалды!» деп хабарласқан. Мектепке жедел жәрдем қызметі мен полицейлер келді. Баланы ауруханаға алып кетті. Менің естуімше, оған «пневмония» немесе «бронхит» диагнозы қойылыпты. Бірақ нақтысын әлі білмеймін», - деді директор.
Ол оқушыға қойылған нақты диагнозды білу үшін қалалық денсаулық басқармасына хат жолдап, жауабын күтіп отрғанын атап өтті.
Гүлназ Әбілдаеваның пікірінше, мұғалімді өз жұмысын атқарғаны үшін қызметінен босату орынсыз.
«Мұғалімнің 20 жылдық еңбек өтілі бар, білікті маман. Бұған дейін оның үстінен ешбір шағым түспеген. Бұл жағдайдан соң, оқытушы түсініктеме жазды. «Неге үй тапсырмасын орындамадың?» деп айтқанын да көрсетті. Шыққан шудан соң оған қатаң сөгіс берілді. Енді ұстаз ол сыныпқа сабақ бермейді. Бірақ оны жұмыстан шығаруға негіз жоқ. Мұғалім баладан үй тапсырмасын сұрауға құқылы. Біз де өз құқымызды қорғауға қақылымыз», - деді ол.
Сөз соңында мектеп директоры анасының «Мұғалім кешірім сұрамады» дегенін сөзі шындыққа жанаспайтынын атап өтті.
Әлеуметтік желідегі ақпаратқа сәйкес, ауруханаға жеткізілген бала үлгілі оқушы және спортпен тұрақты түрде шұғылданады.