Шымкентте жас жігітті айуандықпен өлтірді деп айыпталғандар сот залынан босап шықты

01.05.2019 15:31

Жәбірленуші тарап соттың әділетмсіз шешім шығарғанын, мұның артында жемқорлық тұрғанын айтып шағымданды

Шымкентте 28 жастағы ер азаматты 8 жерінен пышақтап өлтірді деп айыпталған 4 адамның үшеуі сот залынан босап шықты. Ал, 23 жастағы күдікті 10 жылға бас бостандығынан айрылды деп жазады Otyrar.kz.

Сот залы лық толы. Бәрі судьяның соңғы шешімін күткендер. 8 жерден пышақталып, өмірден өткен Хусан Тұрдиевтың өліміне 4 адам айыпталған-ды. Оның 2-уі қамауға алынған.

Үкімді Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айжан Медеубекова шығарды. 7 ай бойы тергеу абақтысында жатқан күдіктінің бірі сот залында босатылды. Тағы екеуі толығымен ақталып шықты.

Арасындағы 23 жастағы азамат қана аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталды. Ол бұған дейін шартты түрде жаза алған екен. Үкім шығарарда ол да ескерілді.

«Сот үкім етті. Хамытбеков Т. Б. ҚР ҚК-нің 99-бабы, 1-бөлімімен кінәлі деп танылсын. Оған осы баппен 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. ҚК -нің 64 бабы 5-бөлігіне сәйкес, Шымкент қаласының Абай аудандық сотының 2016 жылдағы 25 қазандағы тағайындалған шартты түрде соттаудың күші жойылсын. ҚК-нің 63-бабымен 1-бөлігіне сәйкес, осы үкіммен тағайындалған жазаға Шымкент қаласының Абай аудандық сотының үкімі бойынша өтелмеген жазаның мерзімін ішінара қосып, сотталған Қамытбековке түкпілікті 10 жыл мерзімінде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған», - деді Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айжан Медеубекова.

Оқиға өткен жылдың 24 маусымында болған. «Забадам» елдімекенінің тұрғыны 29 жастағы азамат өзіне мал бағатын қойшы керектігін айтып, ауылдасы Хасан Тұрдиевке хабарласады. Өзара келісімнің соңы араға уақыт салып бас араздыққа әкелген. Арадағы алауыздықты жою үшін қала шетіндегі қос тараптың кездесуі төбелдеске ұласқан. Салдарынан, Хусан Тұрдиев 8 рет пышақталып, ауруханаға жеткен бойда жан тәсілім еткен.

Жәбірленуші тарап 28 жастағы жігіттің өліміне 4 адамның қатысы бар екендігін алға тартып, сотта біраз айғақтар ескерілмей қалғанын айтып ашынды.

«Сотта 4-нің де қылмысқа тікелей қатысы бар екендігі дәлелденіп, 3-уі бостандыққа шықты. Мен бұл үкіммен келіспеймін. Үзілді-кесілді қарсымын! Және сотталған азаматқа да бұрынғы жазасын ескеріп, небәрі 1 жылды қосты. Мұндайда негізі 4 жыл қосуы керек. Себебі ол қылмысын қайталап отыр, дәлірегі дәл осындай туристік пышақпен өзгеге ауыр жарақат салып, істі болған. Барып тұрған жемқорлық! Әділетсіз шешім. Сондай-ақ, судья сол оқиға орнында менің екінші інім, яғни тірі қалған інімді азаптағаны, ұрған-соққаны — барлығына көзін жұмып отыр», - дейді марқұмның әпкесі Камала Тұрдиева.

Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкіміне осылайша наразылық білдірген жәбірленуші тарап аппеляцияға арызданбақ, егер үкім өзгермеген жағдайда, жоғары сотқа да арызданамыз деп бекініп отыр.