Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті өңірдегі ауа райына қатысты жағдай туралы мәлімдеді. Облыс аумағында республикалық маңызы бар жолдардың 10 учаскесі жабылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қарағанды облысында қалың қар, қатты жел, жолдың көрінбеуіне байланысты автокөліктің барлық түрлері үшін Республикалық маңызы бар автожолдардың 10 учаскесінде қозғалыс жабылды.
«17 бекет қойылды, 466 бірлік техника (293 жүк, 172 жеңіл және 1 автобус) қозғалысы тоқтатылды. Аталмыш көліктерде 760 адам бар. Осакаровка кентінде 15 адам және Нұра кенті колледжінің Нұра жатақханасына 7 адам орналастырылды», - деп хабарлады Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Өңірде 6 авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілді. Құтқарушылар Сәтбаев қаласында - 1 (8 адам, оның ішінде 2 бала), Жезқазған қаласында - 1 (7 адам, оның ішінде 2 бала), Осакаров ауданында - 1 (15 адам), Нұра ауданында - 2 (5 адам) Қарағанды қаласында - 1 (3 адам) шақыртуға шығып, құтқару операциясын өткізді. Соның нәтижесінде 38 адам, оның ішінде 4 бала құтқарылды және 3 бірлік техника қар құрсауынан алып шығарылды. ТЖМ бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары жұмылдырылды.
«Қазгидромет» РМК деректері бойынша 15 ақпанда Қарағанды облысының солтүстігінде, шығысында бұрқасын болады. Оңтүстік-батыстан, батыстан жел соғады, солтүстікте, шығыста жел екпіні 15-20 м/с жетеді. Қарағанды қаласында 15 ақпанда боран соғады. Оңтүстік-батыстан, батыстан жел соғып, екпіні 15 м/с жетеді. Жезқазғанда бүгін түнде жел екпіні 15 м/с дейін жетеді.