Тянь-Шань тауында жоғалған Қазақстан альпинистерін іздеп табу үшін Жеңіс шыңына әскери альпинистер ұшып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әскери альпинистер апат орнын айналып қарап шығу үшін Қарқара лагерінен Жеңіс шыңының іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқан тұсына ұшып шықты», - деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің Ақпарат және коммуникациялар департаменті.
Еске салсақ, алматылық альпинистер Мұрат Өтепбаев, Андрей Корнеев және Александр Чечулин Қырғыз тауларында жоғалып кетті.
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев альпинистер тобының із-түзсіз кетуіне қатысты Instagram парақшасында алаңдаушылық білдірді. Кейінірек құзға өрмелеушілердің бірінің қызы әлеуметтік желі арқылы қалың көпшіліктен көмек сұрады.
Көп ұзамай ҚР Қорғаныс министрлігі альпинистерді құтқару операциясын бастағанын мәлім етті. Құтқарушылар тобына әйгілі альпинист Мақсұт Жұмаев жетекшілік етуде.