Алматы облысындағы өртенген үйде қызыл жалын қатты болғаны соншалық – көршілер өрт сөндірушілерді екі мәрте шақырыпты. Алғашқысында жалын толық сөнбей, қайтадан тұтана бастаған. Ал, төтеншеліктер бүгін үй маңын кешке дейін күзеткен. Қазір қызметкерлер өрттің шығу себебін анықтап жатыр. Еске салайық кеше түнгі сағат 03.00 шамасында Талғар қаласындағы жеке сектордағы үйден өрт шығып 3 адам көз жұмған еді. Тақырыпты Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын жалғастырады.
Түнде болған алапат өрттен кейін үй маңайындағы көршілер әбден шошып қалған. Беймезгіл уақытта басталған төтенше жағдайды бірден байқап, өрт сөндірушілерді шақырады. Төтеншеліктер оқиға орнына дереу жеткенмен, 2 бөлмелі үйдің сау тамтығы қалмапты. Кейіннен 3 адамның мәйіті табылды. Оның біреуі 8 жасар бала. Екіншісі 44 жастағы ересек адам мен 19 жасар жасөспірім.
Куәгерлердің сөзінше, өрт үйдегі пештің кесірінен болуы мүмкін. Себебі үйдің кіре берісі ас бөлме түгел жанған. Үйдің пеші де осы жерде орналасыпты. Төтеншеліктер үй ішінен мәйіттерді шығарып, өртті толығымен ауыздықтаған. Кейіннен қызыл жалын толықтай сөнбей, қайтадан тұтана бастағанын көрген тұрғындар өрт сөндірушілерді тағы шақыруға мәжбүр болған.
«Өрт бей мезгіл уақытта болғандықтан, не істерімізді білмей қалдық. Біріміз өрт сөндірушілерге хабарлассақ, енді біріміз үйдің тоғын ажыратуға әрекет еттік. Өрт лезде басталды. Бет қарауға шыдатпайтындай қызуы ыстық еді», – деді куәгер Ольга Осимляк.
Өрт толығымен сөндірілсе де, төтеншеліктер күні бойына аймақты күзетумен болды. Себебі үй айналасында газ баллоны көп екен. Қызыл жалынды ауыздықтау үшін 6 маман мен 2 техника тартылған. Мамандар үйінде пеш жағып отырған тұрғындарға жиі түсіндіру жұмыстарын жүргізгенмен, көп жағдайда олар қауіпсіздік шараларын ескермейтінін айтады.
«Өрт сағат 04.06-да оқшауланып, сағат 04.50-де толығымен сөндірілді, тілсіз жау 40 шаршы метрді шарпыған. Төтенше жағдай департаменті қызметкерлері күнделікті тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіре отырып, жеке тұрғын үй секторын аралауды жүргізуде. Осындай нұсқаулық 2019 жылдың 24 қарашасында осы үйде өткізілген болатын. Алматы облысы төтенше жағдай департаменті тұрғын үйде өрттің пайда болуын болдырмау үшін азаматтардан тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды сұрайды», – деді облыстық ТЖД басшысының орынбасары Ерлан Ахашов.
Қазір өрттің себебі анықталып жатыр. Төтенше жағдай қызметкерлері оқиға орнында зерттеу жүргізуде. Олар сараптама нәтижесінің нақты қашан белгілі болатынын айта алмай отыр.