Атырауда өртенген пәтерден 46 жастағы ер адамның денесі табылды

15.04.2022 15:37

Жалынның тұтануының алдын ала себебі – отты абайсыз қолдану

ҚазАқпарат

Атырауда өртенген пәтерден 46 жастағы ер адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 14 сәуірде Атырау қаласындағы көп қабатты тұрғын үйдің пәтерінде өрт тұтанған. 

«Бұл туралы департаменттің диспетчерлік пультіне кеше сағат 18:48-де хабар түсті. Өрт «Авангард-3» шағын ауданындағы 5 қабатты үйде болған. Жалын 15 шаршы метр аумақты шарпығаны анықталды. Өрттің салдарынан үй иесі – 73 жастағы қария мен оның 1949 жылғы әйелі облыстық ауруханаға жеткізілді. Ер адам дәрігерлердің тексеруінен кейін үйіне жіберілді. Ал, оның әйелі 2-дәрежелі күйікпен ауруханаға жатқызылды. Өртенген пәтерден үй иесінің ІІ топтағы мүгедек ұлының мәйіті табылды. Оның жасы – 46-да», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. 

Өрт сағат 19:25-те оқшауланып, сағат 19:27-де сөндірілді. Жалынның тұтануының алдын ала себебі – отты абайсыз қолдану. Тілсіз жауды ауыздықтауға департаменттің 12 қызметкері мен 3 техникасы жұмылдырылды.