7 және 10 жасар екі қыздың да денесін 80-90% күйік шалған
Көкшетауда ерлі-зайыпты қазаға көңіл айтуға жол жүріп кеткенде, үйде өрт шығып, қайғылы оқиға болды. Бір бала көз жұмып, екеуі өте ауыр халде ауруханада жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv sputniknews.kz сайтына сілтеме жасап.
Ақмола облысы Төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бес қабатты тұрғын үйдегі пәтер өртенген. Отыз бес тұрғын өздері сыртқа шыққан, олар отқа оранған пәтерден екі баланы құтқарады.
«Үшінші баланы өрт сөндірушілер алып шықты. Балалар қатты зардап шекті. Ата-анасы қазаға көңіл айтуға кеткен екен, олар үйде үлкен әпкесімен қалған. 21 жастағы қыз дүкенге азық-түлік алуға кеткенде өрт тұтанған», - деді департаменттің баспасөз қызметі.
Өрттің аумағы – тоғыз шаршы метр, себебі қазір анықталып жатыр.
Балалар бірден ауруханаға жеткізілген. Отбасының кенжесі – бес жасар қыз ауруханада көз жұмды.
«Бес жасар бала клиникалық өлім жағдайында түсті. Оның жүрегі соқпай, тыныс алуы тоқтаған. Денесінің тоқсан пайыздан астамын күйік шалған, аяқ-қолы қарайып кеткен. Барлық реанимациялық шараларға қарамастан бүлдіршін көз жұмды», - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Дәрігерлер 7 және 10 жасар екі қыздың жағдайына байланысты да жақсы хабар айта алмаймыз деп отыр. Олардың денесін де 80-90% күйік шалған.
«Қыздардың халі өте ауыр, өміріне қауіп төніп тұр. Балалар қарқынды терапия бөлімшесінде жатыр, олар жасанды тыныс алу аппаратына қосылған», - деді Денсаулық сақтау басқармасындағылар.