Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ТЖД бастығының орынбасары Самат Асайынов айтты, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
«Жасөспірім өмірмен сәйкес келмейтін көптеген жарақаттар алған. Жеткіншектің үстіне кеуіп қалған құрғақ ағаш құлап түскені туралы хабарлама кеше, сағат 21.40-та келіп түсті. Аудандық ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер баланың өмірі үшін барынша күресті. Өкінішке қарай, түн ортасында көз жұмды», – дейді Самат Асайынов.
Баянауыл ауданында желдің жылдамдығы секундына 22 метрге дейін жетті. Қатты желдің салдарынан облыста барлығы 18 ағаш құлап түскен. Сондай-ақ, табиғаттың тосын мінезіне бірқатар нысандардың шатырлары мен дуалдары төтеп бере алмаған. Жергілікті атқарушы органдар мен қызметтер нысандардың шатырының салынған жылын анықтауда. Еске сала кетейік, Павлодар облысы ТЖ департаменті «Дәрмен» қосымшасы арқылы бірінші маусым күні қатты жел тұрып, екпіні секундына 18 метрден асатыны туралы ақпарат таратқан болатын. Облыс аумағында қатты жел тұратыны туралы дауылды ескерту ұялы байланыс операторларының барлық абоненттеріне таратылған.