Семейде бірнеше көшені су басып қалды

11.03.2024 17:42

Коммуналдық қызмет күшейтілген кестеге сәйкес жұмыс жасап жатыр

Фото: Victor Glutsenko

Семей көшелері еріген қар суынан тазартылып жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпарынша, Щорс, Кирпичный, 3-Лодочная, Восточный және Подгорная кенттері мен қаланың өзге де аудандарында су айдау жұмыстары жүргізілген. Оған бас-аяғы 60-тан астам адам мен 20 техника жұмылдырылған. Қазіргі уақытта қала көшелерінен 1500 текше метрден астам су шығарылды. Жергілікті атқарушы органдар мен Абай облысының төтенше жағдайлар департаменті ондағы ахуалға мониторинг жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, күннің жылынуына байланысты қаланың 4 аумағы мен 5 көшесі су астында қалған еді.

– Қала бойынша әлі де қар еріп жатыр. Соған байланысты бүкіл коммуналдық қызмет, Семей қаласындағы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімдері күшейтілген кестеге сәйкес жұмыс жасауда. Өткен түнде департамент бойынша 12 адам, 7 бірлік техника жұмылдырылды. Оның ішінде 4 мотопомпа бар, – деді Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Азамат Орымбаев.

Оқи отырыңыз: Алматыда 11 -17 наурыз аралығында ауа райы қандай болады