Қазір Оңтүстік Моравияда 7 елді мекенде іздестіру-құтқару операциясы жүргізілуде
Чехияға торнадо қайта төніп, солтүстік-батыстағы ауылдың тас-талқанын шығарды. Зардап шеккендер жоқ. Алайда, материалдық шығын ондаған миллион еуроға бағаланып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Чехияның оңтүстік-шығысында орналасқан Оңтүстік Моравияға соққан алғашқы торнадо бірнеше елді мекендегі үйлерді қиратқан болатын. Кем дегенде 300-ге жуық адам зардап шекті. Қаза болғандар саны 5 адамға дейін артты. Ал жұма күні күші сәл әлсіздеу торнадо Чехияның солтүстік-батысындағы ауылға соқты. Қазір Оңтүстік Моравияда 7 елді мекенде іздестіру-құтқару операциясы жүргізілуде.
Синоптиктердің мәліметінше, торнадо күші 5 балдық деңгейдің 3-ші немесе 4-ші деңгейіне жетті. Оның арты теннис добының көлеміндей бұршаққа ұласты. Бір отбасылар баспанадан айырылса, бірінің үйі жарықтан ажыраған. Зардап шеккен аудандарға гуманитарлық көмек жіберіліп жатыр.