Елордада 14 жасар бала жиырмасыншы қабаттан құлады

04.06.2021 15:48

Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр

Фото: ашық дереккөзден

Нұр-Сұлтан қаласында жасөспірім 20-шы қабаттан құлады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

«29 мамырда сағат 23:18-де Есіл аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне Қабанбай батыр даңғылы бойында 20-шы қабаттың балконынан кәмелеттік жасқа толмаған баланың құлап кеткені туралы хабар түсті. Жасөспірім алған жарақатынан қайтыс болды», – делінген ресми хабарламада.

Қайғылы оқиға кезінде 14 жастағы баланың анасы үйде болған. Тергеушілер жасөспірімнің жеке компьютерін тексеріп, өз-өзіне қол салуға үндейтін сайттар мен ойындарды анықтаған жоқ. Қылмыстық іс қозғалды. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.

Ресми мәліметке сәйкес, қаңтар-сәуір айларында республика бойынша кәмелеттік жасқа толмаған балалардың өз-өзіне қол салудың 53 оқиғасы тіркелді. Олардың ішінде 32 ұл және 21 қыз бар. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 15,2 процентке артық. Бұдан бөлек, 120 адам (21 ұл мен 99 қыз) өз-өзіне қол салуға тырысқан.