Бір қойма отқа оранды: Қоқыс өртегендердің қандай қатысы бар

Almaty.tv
Almaty.tv
Алатау ауданында металдан жасалған қойма өртенді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Алматының Алатау ауданындағы қоймалардың бірі өртке оранды. Оқыс оқиға кезінде жұмысшылар қойма ішінде болған. Ал өртті ауыздықтауға 16 бірлік техника мен 40 өрт сөндіруші жұмылдырылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Алатау ауданындағы құрылыс материалдары сақталған қоймада өрттің шыққанын алғаш болып көрші ғимараттың бірнеше жұмысшысы байқапты. Аудандық Төтенше жағдайлар басқармасының пультіне қызыл жалын туралы хабарлама сағат 09:30-да келіп түскен. Бірден оқиға орнына өрт сөндіруші бригада келіп, жалынды ауыздықтауға кіріскен. Осы ретте қойма басшысы өртке көршілерді кінәлап отыр.

«Көршілер қоқыс өртеп, салдарынан біздің екі қойма жанып кетті. Екеуін қосқанда аумағы 2 мың шаршы метрді құрайды», – деді қойманың директоры Айтбек Жүнісбеков.

«Бізге жалын сырттан келіп жатты. Айналып, көршіге бардым. Қоқысты біздің қоймаға жақын қойып, өртеген екен. Содан өрт шығып кеткен», – деді куәгер Аман Ақбаев.

Алатау аудандық ТЖБ-ның мәлімдеуінше, қызыл жалын шарпыған аймақ алдын ала мың шаршы метр деп болжанып отыр. Оқыс оқиға басталған уақытта қоймада 10-нан аса жұмысшы болыпты. Бірақ, зардап шеккендер жоқ. Ал өртті өшіру үшін арнайы штаб жасақталды. Нәтижесінде, жалынның басқа қоймаларға тарамауы қамтамасыз етіліп, жануға шақ қалған бағалы тауарлар сыртқа шығарылған.

«Өрт сағат 10:50-де ауыздықталды. Оқиға орнында 19 техника, 40 жеке құрам жұмыс істеуде. Өрттің шығу себебі мен шығыны өрт сөндіріліп болғаннан кейін анықталатын болады», – деді Алатау аудандық ТЖБ бастығы Нұрлан Таубеков.

Өртті сөндіруге 1 жарым сағат уақыт жұмсаған төтеншеліктер біраз қиындықтар туындағанын айтады. Себебі қойманың 2 қабатты шатыры тез жанып кететін бетонамастика және ағаштан жасалыпты. Алайда тілсіз жау 10:50-де толық сөндірілді. Ал өрттің нақты себебін арнайы комиссия анықтайтын болады.  

Аяулым Көлжігіт, Сағындық Нарықбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров