Қайғылы жағдай бүгін түнде сағат 00:50 «Рассвет» саяжай кооперативінің 3-желі көшесі, 91-участокте болған
Степногор қаласында саяжай өртеніп, оқиға орнынан 5 адамның денесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қайғылы жағдай бүгін түнде сағат 00:50 «Рассвет» саяжай кооперативінің 3-желі көшесі, 91-участокте болды. Оқиға орнынан 1955 жылғы әйел (саяжай иесі), оның 1976 жылы туған баласы, 2013 және 2015 жылғы екі ер баланың (саяжай иесінің немерелері) күйген денесі табылды. Сондай-ақ, осы жерден табылған тағы бір адамның аты-жөні анықталып жатыр.
«Өрттен саяжай үйінің қабырғасы, шатыры және сол маңда тұрған моншаға зақым келді. Үйдің үстіңгі жабыны опырылып құлаған. Өрт аумағы 28 шаршы метрді құрады. Тілсіз жауды ауыздықтауға ТЖД жеке құрамынан 9 қызметкер мен 2 арнайы техника, кезекші жедел-тергеу тобының 3 қызметкері мен 1 техникасы тартылды», – дейді ТЖД бастығы Алексей Советов. Ведомстводан атап өткендей, қазіргі кезде, оқиға орнына сынақ өрт зертханасы жіберілді. Өрттің шығу себептері осы арқылы анықталады.