Қайғылы оқиға 15 сәуір күні кешке Достық даңғылы мен Оңдасынов көшесінің қиылысында болған деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Жүргізушінің айтуынша, ер мен әйел адам бағдаршамның қызыл түсіне қарамай, жолдан жүгіріп өтіпті.
Қайтыс болған жолаушының бірі – 52 жастағы ер адам. Ал, оның жанында болған әйелдің кім екені әзірге белгісіз.
№141 автобус Достық даңғылымен оңтүстік бағытқа қарай жүйткіп келе жатқан. Қоғамдық көлік жүргізушісінің айтуынша, қиылыста екі адам бағдаршамның қызыл түсіне қарамастан, жолды кесіп өтпек болған. Сонда сағатына 55-60 шақырыммен келе жатқан көлік жүргізуші тежегішті басып үлгермей, екеуін қағып кеткен. Қазіргі уақытта қалалық Полиция департаменті оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Ал, дәрігерлердің айтуынша, жедел жәрдем қызметіне қоңырау жергілікті сағат 21:23-те түскен.
«Шамамен 8 жарым минуттан соң біздің бригадамыз оқиға орнына жетті. Алайда, дәрігерлер жетем дегенше ауыр жараланған екі адам да қайтыс болып кеткен», - дейді Алматы қалалық Жедел жәрдем қызметі бас дәрігерінің міндетін атқарушы Александр ЛАЗАРЕВ.
Қазір жол-көлік оқиғасына қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Автобус жүргізушісі ұсталып, автотехникалық және сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Полицейлер жол ережесін бұзған тарапты анықтауға кірісіп кетті.
«Кеше жүргізілген сот наркологиялық сараптама нәтижесінде автобус жүргізушісінің ішімдік ішпегені белгілі болды. Енді, қайтыс болған екі жолаушы да тексеріледі. Оқиғаның мән-жайы тек арнайы сараптамадан кейін ғана нақты белгілі болады. Қазір марқұмдардың тек біреуі ғана белгілі, ол – 1967 жылы туған ер азамат. Ал, оның қасындағы жас шамасы 55-60-тағы әйелден ешбір құжат табылмаған. Қазір біз оның кім екенін анықтауды қолға алдық», – дейді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Егерде қоғамдық көлік жүргізушісінің кінәсі дәлелденсе, ол 5 пен 10 жыл аралығында бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
Тоғжан Жалғасбекқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы.