Түркістан облысының полицейлері лауазымды адамға пара беру қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеді
Түркістан облысында полиция қызметкеріне пара бергені үшін өзбекстандық азамат ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу аудандық Полиция басқармасының кезекші бөліміне жергілікті полиция қызметінің қызметкері патрульдік полиция инспекторынан хабарлама келіп түсті. Тексеру барысында анықталғандай, күндізгі уақытта Жетісай қаласының көшелерінің бірінде полиция қызметкерлері жол ережесін бұзған “Ауди” маркалы автокөлігін тоқтатқан. Тәртіп сақшылары жүргізушіге қатысты жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтыра бастайды. Осы уақытта, тәртіп бұзушы, аудан орталығында тұратын Өзбекстан азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылудан аулақ болу мақсатында полиция қызметкеріне 10 мың теңге пара ұсынады.
Полицейлер күдіктіні сол жерде күзетпен қолға алып, Жетісай ауданының полиция бөліміне жеткізеді. Аталған жайт бірден сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 367-бабы “Пара беру” бойынша тіркеуге алынды. Айғақты заттар тәркіленді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Түркістан облысының полицейлері лауазымды адамға пара беру қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеді. Оған қоса осы бапта белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойы айыра отырып, параның жиырма еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл салуды не мүлкі тәркіленіп немесе онсыз үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген.