Ол өзен арқылы өтпек болған
Ақтөбенің Ойыл ауданында өзенде мұз жұқарып, көлік суға батып кетті. Ішіндегі екі жолаушы мен жүргізуші сыртқа шығып үлгерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ақтөбе облысы аумағында мұз еріді. Салдарынан Ойыл ауданы Қайыңды ауылындағы Ойыл өзеніне Уаз маркалы автокөлік батып кетті. Ол өзен арқылы өтпек болған. Көліктегі жүргізуші мен 2 жолаушы өз бетімен сыртқа шығып үлгерді. Олар медициналық көмекті қажет етпеді.
«Сонымен қатар Ойыл ауданы, Көптоғай ауылдық округінде мал бағуға шығып, қайтып оралмаған малшыны іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыстық ТЖ департаменті мұз үстімен өту кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұрайды. Мұздың жұқа бөлігіне шықпау керек. Көлікпен тек арнайы өткел арқылы өткен жөн. Мұздағы ойықтарға, жарықтарға жақындамауды қатаң ескертеміз», – деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.