Жамбыл облысында ер адам 20 жыл бұрын жасаған қылмысын мойындады

21.11.2019 15:55

Ұсталған адам 1998 жылы желтоқсан айында досымен бірге ішімдік ішкен

Полиция 20 жыл бұрын адам өлтіргенін мойындаған Мойынқұм ауылының 61 жастағы тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Tengrinews.kz Жамбыл облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап.  

Мойынқұм аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында ер адамның кім екенін анықтап, егде жастағы адамды ұстады.

Ұсталған адам 1998 жылы желтоқсан айында досымен бірге ішімдік ішкен. Екеуінің арасында жанжал шыққан. Сол кезде ИЖ маркалы 12-калибрлі мылтықтан оқ атылған, ер адам оқиға орнында қаза тапқан.

"Ұсталған адам денені өз ауласына көміп тастағанын айтып, қайда жатқанын көрсетті. Расында ол жерден адам сүйектері табылды. Күдікті 2013 жылы қылмыс жасалған мылтықты өз еркімен акция кезінде Мойынқұм аудандық полиция бөліміне тапсырғанын айтты. Бұл мәліметтің құжаттары да бар", - деді Жамбыл облыстық ПД баспасөз жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова.  

Сонымен қатар, мылтықтың атылғанын естіген куәгерлер бар. Осы дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу шаралары ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі бойынша іс қозғалған. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.