Алматылықтарды балконда отырған балалар шошытты

26.08.2019 в 15:56

Олар басында 10-қабатқа шыққан, содан соң 16-ға көтерілген

pixabay.com

Алматының тұрғын үй кешендерінің бірінде балконда отырған балалардың суреті желіде талқыланып жатыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Балалар Алматы қаласы Бостандық ауданы "Гауһартас" тұрғын үй кешенінің балконында отырған.

"Құрметті "Гауһартас" тұрғын үй кешенінің тұрғындары, бәлкім мына суреттен өз балаларыңызды танитын боларсыздар. Күзетшіледің айтуынша, балалармен сөйлескен. Олар басында 10-қабатқа шыққан, сосын 16-ға көтерілген. Осы суретті көріп, төбе шашы тік тұрады", - деп жазған суреттің авторы.

Алматы полициясы өкілдерінің айтуынша, балалардың ата-аналарымен профилактикалық әңгіме жүргізіледі екен.  

"102 каналына қоңырау түскен жоқ. Бұл туралы әлеуметтік желіден белгілі болды. Қазіргі уақытта ювеналды полиция осы іспен айналысып жатыр. Балалардың ата-аналары іздестірілуде. Ата-аналардың салғырттығынан балалардың өміріне қауіп-қатер төнуі мүмкін", - деді полиция өкілдері.  

Құқық қорғау органдары тұрғын үй кешенінің күзетшілерімен сөйлесетін болады.