Қаза болғандардың аты-жөні әзірге анықталып жатыр
Алматы облысында жеңіл автокөлік жүк көлігімен соқтығысты. Жол апатынан жеті адам көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 14 ақпанда "Алматы – Өскемен" автожолының 342 шақырымында болды.
«Алдын ала болжам бойынша, " Nissan Qashai" жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жиегінде тұрған Volvo жүк көлігімен соқтығысқан», – деп мәлімдеді полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Оқиға орнында алты адам көз жұмған, тағы бір адам ауруханаға барар жолда жан тапсырды. Қаза болғандардың аты-жөні әзірге анықталып жатыр.
«Жол апатынан жеті адам ("Nissan" жүргізушісі мен 4 жолаушы, сондай-ақ, "Volvo" жүргізушісі мен 1 жолаушы) қаза тапты. Оқиға орнына полиция департаментінің қызметкерлері мен Ақсу аудандық полиция бөлімінің жедел тергеу тобы аттанды», – деді полициядан.
Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша (Көлiк басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк пайдалану қағидаларын бұзуы) тергеу басталды.
Алматы облысының полициясы марқұмдардың отбасына көңіл айтты.