Алдын ала ақпарат бойынша ауруханаға 90-ға жуық адам түсті, оның 49-ы – төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Sputnik сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы төтенше жағдай министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Алдын ала ақпарат бойынша зардап шеккен 90-ға жуық адам ауруханаға түсті. Оның 49-ы төтенше жағдай департаментінің қызметкері. Оқиға орнында төтенше жағдай министрі бастаған жедел топ жұмыс істеп жатыр», – делінген хабарламада.
26 тамыз 18:47-де Жамбыл облысы Байзақ ауданында әскери бөлімде өрт шыққаны туралы хабар түсті. Қорғаныс министрлігіне қарайтын 28349 әскери бөлімнің қоймасы өртенген. Ол Тараз қаласынан 30 шақырым жерде Королевка кентінде орналасқан.
Оқиға орнына Жамбыл облысы ТЖД өрт бөлімшелерінің 114 қызметкері мен 34 дана автотехника аттанды, 15 жедел жәрдем бригадасы, соның ішінлде ТЖ аймағына төртеуі тартылды.
ТЖМ баспасөз қызметінің ақпаратынша, қойманың бүкіл аумағы (697м2) жалынға оранған. Сынықтардың ұшу радиусы екі шақырымға дейін жетті. Алдын ала мәлімет бойынша қоймада 500 тоннадан астам тротил сақталған.
Апат маңында үш елді мекен орналасқан: 3 шақырым жерде Жібек жолы кенті (378 адам), 8 км жерде Үшбұлақ стансасы (216 адам), 10 шақырым жерде Ботамойнақ (492 адам).
ТЖМ ақпаратынша, қазіргі таңда Тараз қаласына 710 тұрғын эвакуацияланды. Олардың 128-і эвакуация пунктерінде, 582-і туыстарының үйін паналады.
Сондай-ақ Алматы қаласынан оқиға орнына жеке құрамның 22 адамы мен 6 дана техника, Түркістаннан 1 техника, Шымкенттен 8 техника, 33 адам келді.
Қорғаныс министрлігі ресми жүгінсе, ТЖ министрлігі өртті сөндіру үшін тікұшақтар беруге дайын.
Одан әрі ТЖМ күштері мен құралдары қалған өрт ошақтарын сөндіруге, сондай-ақ тұрғындарды үйлеріне қайтаруға, теміржол және автокөлік жолдарын қалпына келтіруге бағытталады.