Алматыда коронавирус жұқтырған азаматтармен байланыста болған 798 азамат анықталды

18.03.2020 16:00

Бұл туралы қалалық ПД басшысы Қанат Таймерденов онлайн-брифингте мәлімдеді

www.dailynews.kz

Алматыда коронавирус жұқтырған азаматтармен байланыста болған 798 азамат анықталды. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов онлайн-брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның сөзінше, тәртіп сақшылары іздеу жұмыстарын әрі қарай да жалғастыра бермек. Полицейлер бүгінде күшейтілген деңгейдегі жұмыс тәртібіне көшкен.

«Қазіргі таңда департамент тарапынан коронавирустық инфекцияның алдын алуға, оған тосқауыл қоюға бағытталған шаралар жалғасуда. Басқа да мемлекеттер мен органдар бірлесе отырып инфекцияға душар болған азаматтармен қатысы болған тұлғалар іздестірілуде. Бүгінгі таңда осындай 798 азаматтар саны анықталып, олар медициналық мекемеге жеткізілді», – деді   қалалық ПД басшысы Қанат ТАЙМЕРДЕНОВ.

Сондай-ақ департамент басшысы 19 наурыздан бастап карантин енгізілетіндіктен, қала аумағына автокөліктердің кіріп-шығуына шектеу қою тәртібін түсіндірді. Жалпы қаланың барлық кіре берісінде 10 магистралдық және 27 блок пост жұмыс жасайды. Онда тәулік бойы кезешілік атқару үшін полиция қызметкерлері мен қорғаныс күштері жұмылдырылмақ.

«Полиция департаментінде колл-центр болады. 254-40-07 телефонымен хабарласып, азаматтардың барлық сұрағына жеке жауап беріледі. Құрметті азаматтар! Сіздердің ішкі істер органдарының тарапынан жасалып жатқан шараларға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз!» – деді   қалалық ПД басшысы Қанат ТАЙМЕРДЕНОВ.