Үш адам зардап шекті: науқас пен жедел жәрдем фельдшері және автокөліктердің бірінің жүргізушісі
Жексенбі күні кешкісін Алматыдағы Құлжа трассасының бойында экобекетке жетпей, жаппай жол апаты болды, деп хабарлайды Sputnik. kz.
Куәгерлердің айтуынша, Nissan Maxima және Lexus GS300 автокөліктері Құлжа трассасының бойымен солтүстік бағытта келе жатқан. Алда кептеліс пайда болып, Maxima тоқтайды. Ал Lexus арнайы жолаққа шығып кетеді, бұл кезде науқас мінген жедел жәрдем көлігі оңтүстік бағытта келе жатқан.
Жедел жәрдем жүргізушісі апатты болдырмауға тырысқан, бірақ қолынан келмеді. Салдарынан Lexus жедел жәрдемге бар жылдамдықпен соқтығысты. Арнайы көлік аударылып қалып, кептелісте тұрған Nissan Maxima көлігін соғып кетті.
Апат салдарынан үш адам зардап шекті: жедел жәрдем көлігінде болған науқас пен фельдшер және Lexus жүргізушісі.
Үшеуі де түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді.
Апаттың мән-жайын анықтау үшін оқиға орнына жол полициясының қызметкерлері шақырылды.