«Ракета» бау-бақша қауымдастығындағы саяжайлардың бірінен өрт шыққан
Петропавлда саяжайдағы өрт салдарынан ерлі-зайыптылар қаза тапты, деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Игорь Балеев брифингте.
Осы аптаның сәрсенбіге қараған түні Петропавл шетіндегі «Ракета» бау-бақша қауымдастығында орналасқан саяжайлардың бірінен өрт шыққан. Оқиға орнынан екі адамның денесі табылды.
«41 жастағы ерлі-зайыптылар тұрмыстық газ құрылғысын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережесін бұзу салдарынан көз жұмды», – дейді Балеев.
Басқарма бастығының айтуынша, соңғы кездері саяжай учаскелерінде өрт жиілеп кеткен. Жыл басынан бері мұнда 8 үй-жай өртеніп, 3 адам қаза болған.
Айта кетейік, 2019 жылдың басынан бері өңірде 369 өрт шығып, 24 адам құрбан болған.
Дереккөзі: Sputnik