Алматы облысында танымал ауыл блогеріне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлады Almaty.tv тілшісі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сот процесі Еңбекшіқазақ ауданында өтті. Сотта Шелек ауылының тұрғыны – жас әйелге қатысты іс қаралды. Тергеу материалдарына сәйкес, әйел әлеуметтік желідегі бірнеше мың жазылушысы бар парақшаның әкімшісі болған.
"Тергеу алаяқтық пен бопсалаушылықтың бірнеше фактісін дәлелдеді. Ол (блогер) пандемия кезінде ауыл дәмханаларының бірінің әкімшісін бизнеске зиянын тигізетін ақпарат таратамын деп қорқытып, ай сайын заңсыз 20 мың теңге алып отырған", - деп хабарлады Алматы облысының полиция департаменті.
№2 Еңбекшіқазақ аудандық сотының шешімімен әйел Қылмыстық кодекстің 194-бабы (бопсалаушылық) және 190-бабы (алаяқтық) бойынша кінәлі деп танылды.
Блогер 3,5 жылға сотталды. Бірақ кішкентай балаларының болуына байланысты олар 14 жасқа толғаннан кейін ғана жазасын өтейді.
Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.
Дереккөз: Sputnik.