Ақтөбе облысындағы алтын өндіретін шахтада жұмысшы қаза болды

22.12.2022 16:04

Оқиғаның себеп-салдарын арнайы комиссия тексеріп жатыр

pixabay.com

Ақтөбе облысындағы шахталардың бірінде жұмысшы қаза тапты. Оқыс оқиға Мұғалжар ауданы аумағындағы алтын өндіретін «Юбилейное» кен орнында болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық Еңбек инспекциясы өкілдерінің мәліметінше, жер астында 4 жұмысшы болған. 48 жастағы электрик тоқ сымдарын жалғап жатқан кезде оны ауыр экскаватор жаншып кеткен.

Әріптестері дереу жоғарыға шығарғанмен, алған жарақаты өте ауыр болып, жұмысшы қайтыс болды. Машинист оны қараңғыда көрмей қалғанын айтқан.

Оқиғаның себеп-салдарын арнайы комиссия тексеріп жатыр. Экскаватор жүргізушісінен ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды.