Балалар дәретханада ұрған: Астанада мектеп оқушысы терезеден секіріп кетті

19.04.2024 01:00

Оқиға бойынша қалалық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады

Almaty.tv

Астанада мектеп оқушысы 4-қабаттағы терезеден секіріп кетті. Жеткіншектің аяқ-қолы бірнеше жерден сынып, өкшесіндегі сүйегі үгітілген. Ол қазір ауруханада жатыр. Алғашқы ота жасалды, деп хабарлайды Almaty.tv.

 Ал баласының мұндай қадамға барғанын ата-ана мектептегі буллингпен байланыстырып отыр. Оқиға кеше күндізгі 12:45-те болған. Ағылшын тілі сабағы аяқталуға 2-3 минут уақыт қалғанда 8- сынып оқушысы 4-қабаттағы терезеден жерге құлап түседі. Жеткіншектің мұндай қадамға не үшін барғаны белгісіз. Осы жағдайдан кейін мұғалімдер бірден жедел-жәрдем шақырып, баланы ауруханаға алып кеткен. Оқушының миы шайқалған, кеуде және ішкі құрылысына зақым келген.

Оқушысы жедел жәрдеммен қалалық балалар ауруханасына жеткізілген. Травмотология бөлімінде қолы мен аяғына ота жасалған.  

Қазір бала жансақтау бөлімінен травматология бөліміне ауыстырылды. Операция сәтті өтті. Дегенмен өте ауыр. Енді екінші кезеңі бар. Оны алдағы бір апта ішінде жасаймыз. Бала есін жиды. Сөйлеседі. Барлық ота жасалғаннан кейін, біраз уақыт ем алуы керек. Психологиялық тұрғыда да көмек қажет, – деді №2 Балалар ауруханасы травматология бөлімінің меңгерушісі Арслан Дүйсенбаев.

Ал ұлының құлап қалғанын жақындары 1 сағаттан кейін естіген. Анасы баланың терезеге шығып бара жатқанын сыныптастары мен мұғалімі қалай байқамағанын түсінбей отыр. Оның үстіне, ұлымен сөйлескенде «қатарластарынан қысым көргенін» айтқан.

– Ол «балалар мені бесінші сабаққа кірер кезде дәретханада ұрды» дейді. Балалар «Қоңырау болғанда сені өлтіреміз. Полицияға береміз» деген. Ашуланып, ағылшын тілі біткенше терезеге қарап отырған. Сабақ біткен соң, «өлтіріп тастайды, полицияға ұстап береді» деп секіріп кеткен, – дейді оқушының анасы Ләззат Рахмаш.

Биіктен құлап, аяқ-қолы сынған баланың ата-анасы мен туыстары жеткіншектің мұндай қадамға баруына мектептегі буллинг себеп деп болжап отыр. Себебі ғимараттағы терезелердің ашылатын бөлігі тым кішкентай. Ал оған біреудің шығып бара жатқанын байқамай қалу мүмкін емес.

– Буллинг жасалды деп күдіктендік. Бірақ мұғалімдерге сендік. Ал кабинет өте кішкентай. Оның ішінде артық қозғалған қимылдың бәрі сезіледі.  «Секір» дегендей қарап тұрған. Кабинетті көргеннен кейін ойланып қалды. Өйткені ешкім байқамау мүмкін емес. Ал қас-қағым сәтте секріпі кетті дей алмаймын. Баланың бойы аласа, – деді  оқушының әпкесі Жұпаргүл Қуаныш.

Ал №72 мектеп-лицейінің директоры Айман Дүйсенова басқарып отырған білім ошағында буллинг жоқ екенін айтты.

– Мұғалім үйге тапсырма беріп отырған, сондықтан байқамай қалған. Қалай болғанын біз де білмей отырмыз, – деді №72 мектеп-лицейінің директоры Айман Дүйсенова.

Мектеп директоры жауапкершілік алуға асықпайды. Оның айтуынша, оқушының терезеден секіруі алғаш рет болып отыр. Ал білім басқармасы тексеруді бастады.

– Білім басқармасының тарапынан шұғыл әрекет ету тобының жұмысы жүріп жатыр. Астанадағы мектептерде балалардың қауіпсіздігіне қатысты кешенді жұмыс атқарылуда, – деді Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбеков.

Қазір тиісті органдар оқиғаның себебін анықтап жатыр. Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Қажетті сараптама тағайындалды.

Оқиға орын алған кезде сыныпта болған оқушылардан ата-аналарының қатысуымен жауап алынады. Сонымен қатар ағылшын тілі пәні мұғалімі де сұралады. Содан кейін барып, нақты кімнің жауапқа тартылатыны белгілі болмақ.

Өмір Серікбекқлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астанадан

Оқи отырыңыз: Тыйым салынған тағамдар мектеп асханасынан табылды