Жалын 18 шаршы метр аумақты қамтыған
Павлодар маңында тұрмыстық техника тиелген көп тонналық жүк көлігі толығымен жанып кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Жанып жатқан жүк көлігінің видеосы Instagram желісінде жарияланды. Кадрларда түтін өртеніп жатқан жүк көлігінің де, қарсы келе жатқан көліктердің де қозғалысына кедергі келтіргенін көруге болады.
Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт туралы хабарлама 8 қаңтарда сағат 17.08-де түскен.
"Оқиға орнына келгенде Ленин-Ақсу тасжолында, "Нұрлы жол" көпірінен 500 метр қашықтықта тұрмыстық техника тиелген 1988 жылғы Renault жүк көлігі толығымен өртеніп кеткені анықталды", - делінген хабарламада.
Ведомство өкілдері жүк көлігі Алматы қаласынан Павлодарға келе жатқанын айтады.
Жалын 18 шаршы метр аумақты қамтыған. Өрт сағат 18.19-да сөндірілген. Келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр.
Тілсіз жауды ауыздықтау үшін Павлодар облысы ТЖД өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінен бір техника мен 5 қызметкер жұмылдырылған.
Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.