Алматы облысында пойыз бен автокөлік соқтығысып қалды

01.06.2022 20:57

Салдарынан бір адам зардап шекті

Almaty.tv.

Алматы облысы Қарасай ауданында пойыз бен автокөлік соқтығысып қалды. Салдарынан бір адам зардап шекті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«ВАЗ-2107 автокөлігінің жүргізушісі пойызға жол бермей жол-көлік апатын жасады. Бұл жол кептелісінің салдарынан орын алған. Тек көлікте бір адам жарақат алды», – дейді Қарасай ауданы әкімшілік полиция бөлімінің аға инспекторы  Бақтияр Тайбеков.

Жол апаты таңғы сағат 6:00 шамасында Алматы облысының Бұрындай – ЖЭО-2 учаскесінде болған.

«Қазақстан темір жолы» баспасөз қызметінің мәліметінше, жеңіл автокөлік жолаушысының қолы сынып, ауруханаға жеткізілді. Ал көлік жүргізуші зардап шеккен жоқ.

«Көлік жүргізушісі 35 вагоны бар маневрлік тепловозға жол бермей, өткелге шығып кеткен. Машинист жедел тежегішті басқан. Вагондардың рельстен шығып кетуіне жол берілмеді»,  делінген хабарламада

Қазіргі уақытта пойыз басқа локомотив арқылы жолдан шығарылды. Темір жол өткелі көлік қозғалысы үшін ашық.