Қала маңынан жүретін № 303 автобус №12 бағытта жүретін қоғамдық көлікті соққан
Елордада автобустардың соқтығысуынан 53 жастағы жүргізуші мен 26 жастағы жолаушы көз жұмды. 35 адам ауруханада жатыр. Оқыс оқиға таңғы сағат тоғыздан өте орын алған. Қалаға жақын орналасқан ауылдан адам тасымалдайтын №303 қоғамдық көлігі жүйткіп келіп, бағдаршамда тұрған басқа автобустар мен көліктерді барлық екпінімен келіп соққан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сұмдық жол-көлік оқиғасы таңғы сағат 9:15-те орын алған. Ғаламторда тараған бейнежазбаға қарасақ, Қосшы ауылынан келетін №303 автобус алдында тұрған екі автобусқа келіп соқтығысқан. Екі жеңіл көлік пен жедел жәрдем көлігінің де зардап шеккені белгілі. Алдын ала болжам бойынша екі адам қаза тапқан, 25 адам ауруханаға жеткізілген. Тағы екі адамның жағдайы өте ауыр деп бағалануда. Қазір қаладағы барлық көмек қызметтері жол-көлік оқиғасының салдарымен күресіп жатыр.
Жол-көлік оқиғасы Қабанбай батыр мен Ұлы дала қиылысында орын алған. Жеке және қоғамдық көлікте діттеген жеріне асыққан елордалықтар бағдаршамның жүруге рұқсат берер түсін күтіп тұрғанда, №303 автобус жүйткіп келіп соққан.
Жаны қиналғандар мен қансырғандарды жолақта тұрған автокөлік иелері шығаруға көмектескен. Бақытжан Мырзабековтің де көлігі осы апаттың дәл ортасында қалған. Ал машинада болған апасы «Алла сақтап аман қалды» дейді.
«Автобус жедел жәрдем көлігінің артына кіргені соншалықты, ортаңғы желекке шығып кетті. Менің машинам келіп соған соқтығысты. Зардап шеккен жоқпыз. Зардап шеккендер көбіне автобустарда болды ғой. Көбінің бет-аузы, аяқ-қолы қанап, сынып кеткен», – деді куәгер Бақытжан МЫРЗАБЕКОВ.
Жол-көлік апатынан екі адам қаза тапқан, яғни соққан көліктің 53 жастағы жүргізушісі Абай Оспанов пен 26-жастағы жолаушы Айзат Нүрекенова оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Қайғылы жайт орын алған жерге Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов та келді. Ол барлық жағдайды нақты анықтауды тапсырды.
«Әкімдік тарапынан мүмкіндігінше барлық көмек көрсетуді тапсырды. Дәл қазіргі таңда осы жол апатының қалай орын алғаны тергелу үстінде. Оның да қорытындысы бойынша баяндауды тапсырды», – деді Нұр-сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Эльвира ЖҮРГЕНБАЕВА.
«Осы жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Бұл әрекет ҚР ҚК 345-ші бабы бойынша, яғни жол жүру ережесін өрескел бұзып, осының салдарынан екі және одан да көп адамдардың өліміне әкеп соққан бап бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталып, сол тергеу аясында бірнеше сараптамалар тағайындалады», – деді Нұр-Сұлтан қаласы ПД ресми өкілі Софья ҚЫЛЫШБЕКОВА.
Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, апаттың нақты себебін сот-медициналық және автотехникалық тексеру анықтайды. Ал жүргізуші Абай Оспановтың жұмыс орнындағылар оның сегіз жылдан артық көлік тізгіндеп, ешқандай дертке шалдықпағанын айтады. Таңертең жолға шығарда барлық тексерістен өткен.
«Жолға шықпас бұрын жүргізушінің хал-жағдайы, алкогольді ішімдік ішпегені тескеріледі. Ол таңғы 6:45 арнайы тесттен өткен. Ешқандай тәртіп бұзу анықталмады. Оның және біздің тараптан барлық жағдай дұрыс болған. Біз жан-жақты көмектесеміз», – деді Нұр-Сұлтан қаласы «№1 автопарк» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Сәбит БОЛАТОВ.
Зардап шеккендердің 23-і қаладағы ауруханаларға орналастырылған. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бір адамның жағдайы өте ауыр, алтауының халі ауыр деңгейде, қосымша тағы сегіз адамның денсаулығы орташа деп танылған. Олардың араларында Филиппин елінің 1983 жылғы азаматшасы да бар.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана