Батыс Қазақстан облысында 513 жеке тұрғын үй мен 15 коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорын газсыз қалды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«ҚазТрансГазАймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалынан мәлім еткеніндей, оқиға 27 наурыз күні Орал қаласына іргелес орналасқан Бәйтерек ауданы Мичурин ауылында болды.
- Мичурин ауылы Заводская көшесінде еріген қар суларын азайту жұмыстарына жалданған экскаватор рұқсат етілмеген орында жұмыс істеген. Салдарынан сағат түнгі 02.05-те газ шығатын орташа қысымды Ду-160 мм жерасты полиэтилен газ құбырына ішінара зақым келген. Апаттық-диспетчерлік қызметінің дәнекерлеушісі газ құдығының ысырмасын жауып тастады. Соған байланысты 513 жеке тұрғын үй және 15 коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорын газсыз қалды. Қазіргі уақытта қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілуде, - деп хабарлады ведомстводан.
Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысындағы Жем өзені тасуы мүмкін