Талдықорғандағы мәйітханаға 5,5 млн теңге айыппұл салынды

05.07.2023 16:09

Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы Жетісу облысы бойынша сот сараптамалары институтының санитариялық жай-күйіне тексеріс жүргізді

t.me/kozachkow

Талдықорғандағы мәйітханаға 5,5 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Талдықорған қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы Жетісу облысы бойынша сот сараптамалары институтының санитариялық жай-күйіне тексеріс жүргізді.

«Басқарма мамандары осы жылдың 19-29 маусымы аралығында Сот сараптамасы нысанында жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру барысында мәйітхана үй-жайларын ұстаудың санитариялық-эпидемиологиялық талаптарының сақталмау фактілері расталды», - делінген ведомствоның хабарламасында.

Тексеру нәтижесі бойынша 1600 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, заңды тұлғаға «әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 425-бабы 1-бөлігі бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Сот сараптамасы объектісінің басшылығына нақты орындау мерзімдері бар бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.