Түркістан облысында жол апатынан 4 адам мерт болып, тағы 3 адам жарақат алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Оқиға бүгін, түнгі сағат 02:00 шамасында болған. Ордабасы ауданы аумағынан өтетін «Шымкент-Бадам-Арыс» тасжолының Сарыарық ауылы тұсында «Lada Priora» мен «ВАЗ-21099» көліктері бетпе-бет соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасының салдарынан «Lada Priora» автокөлігінің жүргізушісі мен 3 жолаушысы түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген. Алайда, жолаушының бірі ауруханада көз жұмды. Бұдан бөлек, «ВАЗ-21099» көлігінің жүргізушісі мен 2 жолаушысы оқиға орнында көз жұмған.
«Бүгінгі таңда аталған жайт ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігімен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның басқа да мән-жайы тергеу барысында анықталады», - делінген Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.