Алматы полициясының басшысы ПД ғимаратына кім шабуыл жасағанын айтты

20.01.2022 16:14

Оның айтуынша, содырлар ғимаратты бұзып өту үшін бұрын өздері тартып алған КамАЗ-ды пайдаланған

Алматы қаласының Полиция департаменті

Алматы полициясының басшысы Қанат Таймерденов ПД ғимаратына кім шабуыл жасағанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қанат Таймерденов интернет-порталдардың бірінің журналистіне берген сұхбатында Полиция департаменті ғимаратына жасалған шабуылдың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына және арнайы дайындықтан өткен, әлемнің соғыс орындарындағы көше шайқастарына қатысып үлгерген кәсіби содырлардың әрекеті еткеніне сенім білдірді.

«Лаңкестердің ғимаратқа кіріп кетуіне жол бермеу маңызды болды, өйткені олар Молотов коктейльдерін жаппай пайдаланды: егер өрт болса, полиция қақпанға түсер еді, ал қаладағы жағдайды ескере отырып, оларға көмектің қашан келетіні белгісіз. Олар өте ұйымдасқан түрде бірнеше жерден: Масанчи – Қабанбай батыр, Масанчи – Қарасай батыр, Николь соборынан және осы аттас бұрынғы базардың аумағынан шабуыл жасады.  Яғни, бізді бірден қоршап алды. Департаменттің периметрі бойынша қызметкерлерді орналастырдық. Мен осы уақыт бойы жұмыс орнында болдым. Ал нағыз қауіп төнген кезде, олар бізге оқ жаудырғанда, біз де шабуылдаушыларға оқ ата бастадық», – дейді Қанат Таймерденов.

Оның айтуынша, содырлар ғимаратты бұзып өту үшін бұрын өздері тартып алған КамАЗ-ды пайдаланған. Олар осыдан бірнеше сағат бұрын Алматыдағы Президент резиденциясында жасаған іс-әрекеттерін қайталады. Сол жерде КамАЗ тосқауылдарды бұзып өтіп, содырлар оның артына тығылып, ғимаратқа жақындай алды.

«Бұл шабуылға 1000-ға жуық адам жұмылдырылды. Олар жауынгерлік тактиканы біліп қана қоймай, оны өте жақсы түсінетін: ұрыс құрамаларын ұйымдастыруды, қалалық жағдайдағы ұрыс ережелерін жақсы білетін, дайындалған адамдар.  Жақын маңдағы көпқабатты үйдің төбесіне снайперлерді орналастырған.  Және олар жойылғанға дейін бізге оқ жаудырды», деді Алматы полициясының басшысы.