Қазір жасөспірім жансақтау бөлімінде жатыр, полиция тергеу жүргізіп жатыр
Мектептің жөндеу жұмыстарына қатысқан 9-сынып оқушысы шатырды ауыстыру кезінде құлап кетті. Жасөспірім жансақтау бөліміне жатқызылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Оқиға Ақмола облысының Ақкөл қаласында болды. 9-сынып оқушысы Ж.Бектұров атындағы №3 жалпы білім беретін мектептің жөндеу жұмыстарына тартылған.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жасөспірімнің бас сүйегі сынған. Қазіргі таңда аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.
Бұл оқиғаны Ақмола облысының білім басқармасы да растады.
«Шынымен де, аталған мектепте жөндеу жұмыстары кезінде жұмысшы зардап шекті, ол мектеп оқушысы болып шықты. Қазір бала есін жиды, жарықты сезеді, көзін ашады. Аудандық аурухана дәрігерінің мәліметінше, санавиация дәрігері қарап шығып, бала облыстық ауруханаға тасымалдауға мұқтаж емес екенін айтқан», – деді ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.
Белгілі болғандай, мектепте күрделі жөндеуге байланысты сабақ өтпеген. Блім басқармасы дүйсенбі күні толық ақпарат беруге уәде етті.
Бұл факті бойынша аудандық полиция басқармасы тергеу жүргізіп жатыр.