Арыстағы төтенше оқиға: 15 адам жансақтау бөліміне түсті

Арыстағы төтенше оқиға: 15 адам жансақтау бөліміне түсті
Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, Арыстағы жарылыстан кейін 165 тұрғын дәрігерлердің көмегіне жүгінді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Арыста зардап шеккендерге қатысты соңғы мәліметті жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Барлығы 165 адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың ішінде 76 адамға амбулаториялық көмек көрсетілді. 89 науқас стационарлық емге жатқызылды. Жансақтау бөлімдерінде 15 науқас «политравма» диагнозымен ем қабылдауда», – деді Біртанов үкіметтің бүгінгі отырысында.

Министрдің айтуынша, пациенттердің басым бөлігі Шымкент қаласындағы ауруханаларда жатыр. Ал кейбір адамдар Түркістан облысының аудан орталықтарында емделуде.

«Медициналық көмек көрсету үшін жалпы 22 жедел медициналық бригада жұмылдырылған. Олардың ішінде 4 бригада Жамбыл облысынан жіберілген. Күнде 12 бригада дайындықта отыр. Сонымен қатар, екі санитарлық тікұшақ дайын тұр. Жалпы, Алматы қаласынан көмек көрсету үшін екі мультидисциплинарлық команда жіберілді. Олардың арасында реаниматологтар, травматологтар, балалар нейрохирургтары бар. Олар бір операция жасады. Қазір реанимацияда екі бала жатыр. Оларға қажетті көмек көрсетілген», деген мәлімет берді Біртанов.

24 маусым күні сағат 09.30 кезінде Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағында өрт шығып, оқ-дәрілер жарылды. Әскери бөлімдегі жарылыстан кейін Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды.

Новости партнеров