Өскемен қаласында өрт шыққан көпқабатты үйден 12 адам, оның ішінде 4 бала құтқарылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Қайсенов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйде өрт шыққан. Оқиға орнына құтқарушылар шұғыл келіп жетті. Анықталғандай, от подъез ішінде 3 және 4-қабаттардағы электресептегіште шыққан.
«Өрт сөндірушілер оқиға орнынан 36 адамды, оның ішінде 8 баланы эвакуациялады. Сондай-ақ түтін тұмшалаған подъезден 12 адам құтқарылған. Көп ұзамай 4 шаршы метрді шарпыған тілсіз жау ауыздықталды. Өрттің шығу себебі – электр жабдықтарының апаттық режимде жұмыс істеуінен. Қызыл жалынды өшіруге жеке құрамнан 23 адам мен 7 техника жұмылдырылды»,– деп хабарлады ведомство өкілдері.
ТЖД мамандарының айтуынша, электр қондырғылары мен сымдардың шамадан тыс жүктелуінен және электр желісінің қысқа тұйықталуынан есептегіште өрт шығуы мүмкін. Өрттің алдын алу үшін тек жарамды электр құралдарын пайдаланып, электр қалқандарында жанғыш заттар мен материалдарды сақтамаңыз. Қысқа тұйықталу кезінде олар жанып, жалынның таралуына ықпал етеді.