|
22.01.2019 | 16:10
3457

Жоғарғы сот Челахтың үкімін өзгеріссіз қалдырды

Жоғарғы сот Челахтың үкімін өзгеріссіз қалдырды

Еліміздің Жоғары соты Челахқа қатысты үкімін өзгеріссіз қалдырды. Бүгін сот алқасы өмір бойына сотталған Владислав Челахтың арызын қайта қарап шықты. Алайда, оның істі қайта қарау мен 30 миллион теңге көлеміндегі компенсация тағайындау жөніндегі өтініші қанағаттандырылмады, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Алматы қаласы Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған әскери сотының Челах Владислав Валерьевичке қатысты 2012 жылғы 11 желтоқсанында шыққан үкімі, Қазақстан Республикасы Әскери соты сот коллегиясының 2013 жылғы 6 ақпанында аппеляциялық қаулысы, Қазақстан Республикасы Әскери соты сот коллегиясының 2013 жылғы 21 маусымында шыққан қаулысы кассациялық өзгертусіз қалдырылсын. Сотталған Владислав Челахтың арызы қанағаттандырусыз қалсын», – деді ҚР Жоғары соты Қылмыстық істер жөніндегі сот коллегиясының судьясы Абай РАХМЕТУЛИН.

Еске сала кетейік, сот Владислав Челахты өмір бойына бас бостандығынан айырған болатын. Ол 2012 жылдың мамырында «Арқанкерген» шекара бекетінде 14 қызметтесі мен бір орманшыны өлтірді деп айыпталып, қазір жазасын Қостанай облысындағы «Қара бүркіт» аталып кеткен колонияда өтеп жатыр. 2015 жылы Владислав Челах Біріккен ұлттар ұйымының Адам құқықтары жөніндегі комитетіне арыз түсірген. Оны комитет 2017 жылдың қарашасында қарастырды. Челахтың ісін Қазақстанның Жоғары соты қайта қарайтыны 18 қаңтарда хабарланған болатын.

«Өз арызында ол қорғаушының құқықтары бұзылғанын көрсетті. Себебі, келісім бойынша жұмыс істеген адвокат іс бойынша материалдармен танысу құқығынан айырылды. Оған бүкіл деректермен танысу үшін қажетті уақыт берілмеді. Әлі де шағымдану мүмкіндігі бар. Дәл осылай Адам құқықтары жөніндегі комитетпен өтініш түсіруге болады», – деді Владислав Челахтың қорғаушысы Гүлмира ШАЛДЫКОВА.



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир