Сәби шетінеп кетті: Алматыда жүкті әйелді алып келе жатқан жедел жәрдем жол апатына ұшырады

20.03.2019 16:23

Қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының хабарлауынша, келіншек Перинаталды орталыққа шұғыл жеткізілді

inform.kz

Алматыда жүкті әйелді әкетіп бара жатқан жедел жәрдем жол апатына ұшырады. Әйелдің іштегі нәрестесі тумай жатып шетінеп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жол апаты 17 наурызда болған. Рысқұлов пен Шәріпов көшелерінің қиылысында жедел жәрдем көлігі мен Toyota көлігі соқтығысқан. Қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының хабарлауынша, келіншек Перинаталды орталыққа шұғыл жеткізілді.

«Сәби іште шетінеп кетті. Жол апаты акушерлік анамнезді қиындатты деп айта алмаймыз. Жол апаты мен бала өлімінің арасында байланыс жоқ», - деді қалалық басқармадан.

Ал Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, бұл істі Алатау аудандық полиция басқармасы тексеріп жатыр.

«Іс тіркелді. Сот медициналық сараптама тағайындалды. Енді сол сараптаманың нәтижесін күтеміз. Егер адам деннсаулығына келтірілген залал орташа болса, әкімшілік іс, егер ауыр залал келтірілсе, қылмыстық іс қозғалады. Негізінде Тойота көлігі жүргізушісінің айыпты екені айқын», - деді Салтанат Әзірбек.

Полиция өкілі жүргізушілерге жедел жәрдем көлігіне жол беру керектігін ескертті.

«Жедел жәрдем көлігі жол сұраса, шұғыл беру керек. Біреудің өмірі үшін арпалысып бара жатыр деген сөз. Сондықтан, жол ережесін мүлтіксіз сақтау керек. Әйтпесе, оның соңы осындай қайғылы жағдайларға әкеледі», - деді ол.