Алматы облысының Талғар аудандық соты терроризм акт ісі туралы жалған хабарлаған азаматты екі жарым жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарды
2019 жылдың 25-сәуір күні сағат 9:35-те белгісіз біреу Талғар аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне қоңырау шалып, Талғар ауданындағы кенттердің бірінде орналасқан су каналында жарылғыш құрылғы орнатылғандығы туралы хабарлаған, деп хабарлайды Almaty.tv Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Алынған ақпарат бойынша бірден қоңырау шалушының жеке басын анықтауға және оны ұстауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларының кешені ұйымдастырылды. Жарылғыш құрылғыны іздеуге ауданның барлық шұғыл қызметтері қосылды. Қоңыраудың ұялы телефоннан келіп түскені бірден анықталды. Бірнеше сағаттан кейін осы ауылдың еш жерде жұмыс істемейтін жергілікті 1977 жылғы азаматы ұсталды. Күдікті бұрын бірнеше рет сотты болған.Бұған дейін ол түрлі қылмыстарды жасағаны үшін 8 рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Соңғы рет 2016 жылы осыған ұқсас әрекеті үшін , яғни көрінеу жалған ақпарат бергені үшін істі болғаны анықталды. Азамат бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеген. Бұл оған тиісті сабақ болмағанға ұқсайды , себебі ол 2019 жылы дәл осындай қылмысқа қайта барып отыр», - дейді Алматы облысы ПД-ның Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі Руслан Найзабасов.
Алматы облысының Талғар аудандық сотымен күдікті азамат ҚР ҚК- нің 273-бабына сәйкес, терроризм актісі туралы жалған хабарлағаны үшін қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеумен 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
«Азаматтарға тағы да әзіл сипатындағы іс- әрекеттерінің іс жүзінде жазаланатын және 2- ден 6 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ресми түрде еске салғым келеді . Әдетте, мұндай хабарламаларды тексеруге барлық шұғыл қызметтердің, сондай-ақ қаланың жедел қызметтерінің күші мен құралдары максималды түрде жұмсалатынын ескеру қажет», - деп толықтырды полковник Найзабасов.