Шымкентте ит талап, дәрігерге жүгінетіндер саны көбейді

22.01.2024 16:27

Оның ішінде 14 жасқа дейін балалар

elements.envato.com

Өткен жылы өңірде 2000-ға жуық адамды ит тістеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Шымкент қаласы бойынша жануарлардан жарақат алып медициналық көмекке жүгінгендер саны 1,8 пайызға өскен.

Жалпы өткен жылы 3145 адам жануардан жарақат алса, оның 74,4 пайызы иттерден зардап шеккен.

Ал, оның ішінде 14 жасқа дейін балалар үлесі 48,3 пайызды құрап отыр.

Бір айта кетерлігі, өткен жылы қалада жануарлар арасында құтыру ауруына қатысты бір жағдай зертханалық тәсілмен анықталды.

Ал, адамдар арасында аталған ауру түрі тіркелмеді.

«Құтыру ауруы табиғатта негізінен ит тұқымдас жануарлардың арасында жиі таралған. Аурудың қоздырғышы — вирус, ол адам мен жануарлардың жүйке талшықтарына еніп, оның ми қыртыстарын зақымдайды. Құтыруға қарсы екпе тегін егіледі! Мінезінде өзгерістер байқалған жануарларды қамау керек, балаларды күдікті жануарлардан аулақ ұстап, дер кезінде мал дәрігерін шақыру қажет. Ит, мысық асырайтын болсаңыз, мал дәрігеріне көрсетіп, кеңес алып, құтыру ауруына қарсы вакцина салдырып тұрыңыздар», — деді Шымкент қаласының СЭБД басшысы Әбдіманап Төлебаев.