Тоғыз қабатты үйге 25 метрлік тереңдікте шұңқыр қазу кезінде қабырғасы құлап кеткен
Шымкентте құрылыс алаңында үш техниканы топырақ басып қалып, екі жұмысшы қаза тапты. Қайғылы оқиға кеше түнде сағат 21.15-те Нұрсәт шағынауданында орын алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қалалық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, тоғыз қабатты үйге 25 метрлік тереңдікте шұңқыр қазу кезінде қабырғасы құлап кеткен. Салдарынан шұңқырды қазып, тегістеп жатқан үш техника (1 жүк тиегіш, 1 кран және 1 жол тегістейтін каток) жүргізушілерімен бірге үйіндінің астында қалған.
Құтқару жұмыстарына ТЖД (40 қызметкер, 11 техника), жергілікті атқарушы орган (10 жұмысшы, 2 техника), ПД (15 қызметкер, 2 техника), «ЮгСтройСервис-Н» ЖШС (35 жұмысшы, 2 техника), «103»қызметі (4 қызметкер, 2 техника) жұмылдырылды.
Құтқарушылар бір техниканы шығарып, оның жүргізушісі аман қалды.
«ЮгСтройСервис-Н» ЖШС-на қарасты көп қабатты тұрғын үйдің ірге тас шұңқырын қазу кезіндегі төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен 1993 ж.т Т. Төлебаевқа алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, амбулаторлық-емханалық ем тағайындалды. Ал, үйінді астында қалған 1969 ж.т Б.Қалжігітов пен 1965 ж.т. Е. Орынбаев оқиға орнында көз жұмды. Шұңқырдың жалпы көлемі 1369 шаршы метр, тереңдігі 20-25 метр. Іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды», - делінген хабарламада.
Қазіргі таңда құрылыс алаңында тексеру шаралары жүргізіліп, қайғылы жағдайдың себеп-салдары анықталуда.